Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде тәртіп бұзған азамат қоғамдық жұмысқа тартылды

Семейде тәртіп бұзған азамат 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

33 жастағы семейлік тұрғын қалыңдығымен бірге танысының туған күнін атап өтпек болған. Дастархан басында спирттік ішімдік ішіп отырған кезде, ол сол жерде болған ер адамдардың бірі оның қалыңдығына ықылас танытқанын байқайды. Қызғаныштың әсерімен ол әлгі азаматқа балағат сөздер айтып, бірнеше рет бетіне жұдырық жұмсап, орташа дәрежедегі денсаулыққа зиян келтірген.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, 400 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.
Сотталған Затон ауданы пробация қызметіне есепке қойылды. Қызметкерлер онымен түсіндіру және тәрбиелеу бағытында әңгіме жүргізді.

Қазіргі уақытта семейлік тұрғын тәулігіне төрт сағаттан қаланың ЖЭО-да жұмыс істеп, жазасын өтеп жүр. Оның тәртібі мен жазаны орындауы пробация қызметкерлерінің бақылауында.

— Ол жағдайдағы іс-әрекетім дұрыс болмады. Қызғаныш пен алкоголь өз әсерін тигізді, бірақ бұл менің қателігімді ақтамайды. Кінәмді түсінемін, кез келген дауды күшпен емес, сөзбен шешу керектігін ұқтым. Енді менің міндетім – тағайындалған қоғамдық жұмысты толық өтеу, өмірге деген көзқарасымды өзгерту, ойланбай жасалатын әрекеттерден бас тарту, тұрақты жұмыс тауып, заң бұзбау, — деп бөлісті сотталған азамат.

Пробацияның негізгі міндеті тек бақылау емес, сонымен қатар қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біз сотталғандардың жасаған әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуіне көмектесуге тырысамыз. Қоғамдық жұмыстар, тәрбиелік әңгімелер және тұрақты бақылау арқылы тәртіп пен заңға құрмет қалыптасады, — деді Затон ауданы пробация қызметі бастығының орынбасары Ерик Усербаев.

Жалпы жыл басынан бері Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметінің есебіне 20 азамат қойылып, қоғамдық жұмысқа тартылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру