Ұлттық ұланда "Үздік әдіскер" байқауының жеңімпаздары анықталды
Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында 25–27 қараша күндері құқықтық тәртіп әскерінің офицерлерін кәсіби даярлау деңгейін арттыру мақсатында "Үздік әдіскер" атағына арналған байқаудың қорытынды үшінші кезеңі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл кезеңге әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтар деңгейінде алдын ала іріктеу сынынан мүдірмей өткен офицерлер жолдама алған еді. Финалға құқықтық тәртіп әскерінің 17 офицері қатысып, жоғары кәсіби және әдістемелік дайындықтарын көрсетті.
Мемлекеттік тіл және мемлекеттік-құқықтық дайындық, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, тактикалық-атыс және дене даярлығы, жалпы әскери жарғылар, байланыс даярлығы, әскери-медициналық дайындық, әдістемелік жұмыс және басшылық құжаттарды білу сынды байқау тапсырмалары офицерлердің негізгі бағыттар бойынша жеке дайындық деңгейін жан-жақты бағалады.

Конкурс комиссиясының бағалауы нәтижесінде үш номинация бойынша үздік әдіскерлер анықталды.
"Үздік әдіскер – батальон (дивизион) командирі, арнайы комендатура коменданты" аталымы бойынша Арнат Күйсов – "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының 5512 әскери бөліміндегі 2-жедел мақсаттағы батальонның командирі үздік деп танылды.
"Үздік әдіскер – штаб бастығы, батальон (дивизион) командирінің орынбасары" аталымы бойынша Әлішер Есмағзамов – "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының 5514 әскери бөліміндегі 2-жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары, штаб бастығы марапатталды.
"Үздік әдіскер – батальон (дивизион) командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары" аталымы бойынша Жеңіс Магузов – Ұлттық ұлан академиясының 1-оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары үздік деп анықталды.

– Бұл байқауға қатысу мен үшін нағыз кәсіби сын болды. Әртүрлі өңірлік қолбасшылықтардың офицерлерімен бәсекелесу арқылы өз деңгейімді саралауға мүмкіндік алдым. Әр кезең терең білімді, төзімділікті және нақты жағдайға бейімделе отырып шешім қабылдай білуді талап етті. Ұлттық ұланның әлеуетін арттыру жолында қызмет етуді жалғастыра беремін, – деді Арнат Күйсов.
Байқаудың өткізілуі білікті офицерлерді анықтап, озық тәжірибе алмасуға және әдістемелік жұмыстың сапасын қызметтің барлық деңгейінде арттыруға мүмкіндік берді.
