Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде полиция оқушыларға танымдық қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысында оқушыларға 16 жасқа толған азаматтарды құжаттандыру тәртібі түсіндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері семей қаласының №15 жалпы орта мектептің 10-сынып оқушыларына арналған танымдық қауіпсіздік сабағын өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – 16 жасқа толған азаматтарды құжаттандыру тәртібі, бұл жасөспірімдерге мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге, әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдалануға және құқықтық дербестікке жол ашатын маңызды кезең.

Полицейлер оқушыларға жеке куәлікті уақытылы алудың маңызын және оның қандай артықшылықтар беретінін түсіндірді. Сонымен қатар құжаттарды тапсыру тәртібі, дайындалу мерзімдері және құжатты уақытылы рәсімдемегені үшін жауапкершілік туралы ақпарат берілді. Көші-қон қызметінің мамандары жеке деректердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.

Оқушыларға жеке ақпаратты бөгде адамдарға берудің қауіптері туралы ескертіліп, онлайн сервистерді пайдаланған кезде цифрлық гигиена талаптарын сақтау қажеттілігі атап өтілді. Кездесу барысында оқушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, құжаттарды ауыстыру рәсіміне және жеке куәлік алғаннан кейін ашылатын мүмкіндіктерге қызығушылық танытты.

Сабақ интерактивті сұхбат түрінде аяқталды. Қызметкерлердің айтуынша, уақытылы құжаттандыру – әрбір жас азаматтың міндеті ғана емес, сонымен бірге оның тәуелсіздікке қадам басуына ықпал ететін маңызды әрекет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру