Балқашта полицейлер "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" сыныптарының оқушыларымен кездесті
Балқашта полицейлер "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" сыныптарының оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет пен ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында облыстағы мектептерде "Жас сақшы" сыныптары ашылып, оқушыларға арнайы тәрбиелік дәрістер жүргізілуде. Осындай шараның бірі Балқаш қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте өтті.
Кездесуге Балқаш қалалық полиция бөлімінің есірткіге қарсы іс-қимыл, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелері және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар қатысып, жоғары сынып оқушыларына құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында танымдық лекция оқыды. Сабақ барысында мамандар өмірден алынған мысалдар мен бейнематериалдар көрсетіп, жастарды қылмыстық әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
9 сынып оқушысы Дияс Дүйсенбиев лекцияның маңызын атап өтті.
– Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың салдары туралы бейнематериал көрсетті. Бұл кездесуден үлкен ой түйдім. Болашақта дұрыс жолды таңдаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім, – деді ол.
Мектепте бүгінде "Жас сақшы" сыныбында 48, ал "Жас сарбаз" бағытында 84 оқушы білім алып жүр. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мұхтар Сәтиевтің айтуынша, мұндай жобалар жас буынды отансүйгіштікке, тәртіпке және адамгершілікке тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді.
– "Жас сарбаз" сыныбы 2011 жылдан бері жұмыс істесе, "Жас сақшы" сыныбы биыл ашылды. Балаларды әскери іске баулуда полиция қызметкерлерінің қолдауы зор, – деді ол.
Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, мектептерде өткізілетін профилактикалық лекциялар жыл басынан бері жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
– Басты мақсатымыз – жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруына жол бермеу. Әлеуметтік желілердегі жағымсыз контент кейбір балаларға теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан біз нақты мысалдар арқылы оларды заңды құрметтеуге үйретеміз, -деді Балқаш қалалық полиция бөлімінің есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Арман Мағзин.
