Петропавлда полиция демалыс күндері түнгі бақылауды күшейтті
Петропавлда полиция демалыс күндері түнгі бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция облыс орталығында қоғамдық және жол қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етеді. Күндіз шақыртулардың басым бөлігі – ұсақ құқық бұзушылықтар мен зардапсыз жол-көлік оқиғалары. Ал түнде шақыртулардың сипаты әрқилы. Демалыс күндері – шұғыл қызметтердің, әсіресе полицияның жедел және кәсіби жұмысы тұрғындар мен қала қонақтарының денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға тікелей ықпал ететін кезең.
Түнгі кезекшілікке патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар, жедел қызмет өкілдері, ювеналды полицейлер, жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері, сондай-ақ тергеу-жедел топтарынан бөлек түрлі қызмет офицерлері түседі. Бақылаудағы негізгі нысандар – ойын-сауық орындары.
Мас күйдегі жанжалдар мен төбелестер кафе ішінде емес, оның маңында, көзден таса жерде болады. Полицияның міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу, төтенше жағдайды болдырмау және "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес қылмыс пен құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету.
Сенбі мен жексенбіге қараған түні қала солтүстік бөлігіндегі кафелердің бірінде ювеналды полицейлер екі жасөспірім қызды анықтады. Екеуі де 17 жаста. Ата-аналарына түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орнында болғаны үшін тиісті шаралар қабылданды. Ал кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық мекемесіне кіргізгені үшін кафе иесіне қатысты әкімшілік материал жинақталуда.
Сондай-ақ түн ортасында Назарбаев көшесіндегі супермаркеттердің бірінің маңында азаматқа дене жарақаты салынғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына қалалық полиция батальонының автопатрульдері жедел жетті. 23 жастағы күдікті дереу анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша тексеріс жүргізілуде.
01:20 шамасында Исмаилов көшесіндегі ойын-сауық орнының маңында мобильді топ қызметкерлері 42 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол мас күйде болып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Қоғамдық орында алкоголь ішкені үшін тиісті шаралар қабылданды. Полицейлерге айтылған сөздеріне қатысты барлық материал жинақталып, құқықтық баға берілуде.
Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәулік бойы үздіксіз жедел жұмысты талап етеді. Полиция қызметкерлері әрбір шақыртуға шығып, құқықбұзушыларды жауапкершілікке тартады және қауіпке тап болған немесе қиын жағдайға қалған тұрғындарға көмек көрсетеді.
Тәжірибе көрсеткендей, көптеген қолайсыз жағдайлар мен тіпті қайғылы оқиғалардың бастауы — спирттік ішімдіктерді шамадан тыс қолдану. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда алкоголь ішу немесе мас күйде болу фактілері бойынша 5 мыңнан астам әкімшілік хаттама жасалды. Полицияның тәулік бойғы жұмысы жалғасуда.
