Павлодарда синтетикалық есірткі тасыған курьер ұсталды
Павлодарда синтетикалық есірткі тасыған курьер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық ПД мен облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері синтетикалық есірткіні өткізді деген күдікке ілінген ер адамды қолға түсірді.
– Жеке тінту кезінде күдіктіден салмағы 8 грамнан асатын психотроптық зат салынған 16 орама табылып, тәркіленді. Күдікті өзінің тыйым салынған заттарды таратумен айналысатын көлеңкелі интернет-дүкеннің курьері-заңсыз жеткізушісі екенін айтқан. Куратордың нұсқауымен көрші өңірден келіп, аймақ орталығында кейін жасырын орындарға салып тарату мақсатында есірткінің көтерме партиясын алмақ болған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полиция заңсыз есірткі айналымына қатысты барлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы 102 нөміріне хабарлауға болатынын еске салады.
