Абай облысында полицейлер "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" сыныптарына экскурсия ұйымдастырды
Абай облысының ПД қызметкерлері "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" сыныптарына экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция департаменті "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" сыныптарында білім алатын оқушылар үшін мұражайға және ішкі істер органдарының бөлімшелеріне танымдық экскурсия ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру, олардың құқықтық мәдениетін дамыту және патриоттық тәрбие беру.
Экскурсия барысында оқушылар алдымен мұражайға барып, өңірдің тарихына, мәдениеті мен қоғамдағы маңызды оқиғаларға қатысты құнды материалдармен танысты. Экскурсия жетекшілері оқушыларға экспозициялар бойынша мазмұнды ақпарат беріп, тарихи деректер мен жәдігерлердің ерекшеліктерін түсіндірді. Одан кейін оқушылар ішкі істер органдарының бірқатар қызметтік бөлімшелерінде болды.
Жедел басқару орталығының қызметі, кезекші бөлімнің жұмыс тәртібі, криминалистикалық құрал-жабдықтардың қолданылуы және полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметтік міндеттері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Тәртіп сақшылары оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық жауапкершілік, жеке қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Балалар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Өткізілген іс-шара жас буынның тарихи санасын байытып қана қоймай, құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдарын айқындауға оң ықпал етті.
