Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында қару нөмірін анықтайтын бағдарламалық аппарат іске қосылды

Қостанай облысында қару нөмірін анықтайтын бағдарламалық аппарат іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасына Астана мен Алматы қалаларынан мамандар келді. Мамандар атыс қаруындағы өшірілген сәйкестендіру нөмірлерін қалпына келтіруге арналған заманауи бағдарламалық-аппарат әкелді.

Жедел-криминалистикалық басқарма бастығының міндетін атқарушы Людмила Гарашова мұндай жоғары дәлдіктегі жабдықты енгізу қызметкерлердің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтетінін және жүргізілетін криминалистикалық зерттеулердің сапасын арттыратынын атап өтті.

Беларусьтік Regula бренді әзірлеген бағдарламалық аппарат магнитті-оптикалық әдіс бойынша жұмыс істейді. Бұл технология сәйкестендіру нөмірі әдейі өшірілген немесе бүлінген жағдайларда да белгілерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Жұмыс принципі нөмірді соғу кезінде металдың магнит өрісінің өзгеруіне негізделген. Белгі жойылса да, металдың құрылымында деформация іздері сақталады. Regula жабдығы осы өзгерістерді оқып, бастапқы нөмірді визуализациялайды.

Regula компаниясының өкілі Игорь Стародубцевтің айтуынша, мұндай жүйелер халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып, криминалистикада жоғары тиімділігін көрсетуде.

Заманауи технологияларды қолдану жедел-криминалистикалық бөлімшелердің мүмкіндіктерін арттырып, қарудың заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды неғұрлым жедел ашуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру