Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыдағы ІІМ санаторийі қайта жанданды

Алматыдағы "Қазақстан санаторийіне" Ішкі істер министрі Ержан Саденов бастаған делегация барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында мекеменің жаңартылған жұмыс форматы таныстырылып, ұжым соңғы жылдары санаторийдің қандай қиын жолдан өткенін баяндады.

Бұрын орталық жабылудың алдында тұрған еді: он жылдан астам уақытқа созылған қарыздар, сот процестері және банкрот болу қаупі мекемені тығырыққа тіреген. Алайда ІІМ бастамасы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы нәтижесінде қажетті жұмыс ұйымдастырылып, банк алдындағы қарыз толық өтеліп, мекеменің қызметі тұрақтандырылды.

Бүгінде "Қазақстан санаторийі" қайта дамып келеді. Бұл - өзін-өзі қаржыландыратын, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлеріне, олардың отбасыларына, Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне және басқа да азаматтарға қызмет көрсететін бірегей емдеу-сауықтыру орталығы.

Жаңа стратегия табысты екі есе арттырып, материалдық-техникалық базаны жаңартуға, жатын орындарды, сумен емдеу бөлімін, кір жуатын жер мен спорт кешенін жөндеуге, спорткомплексті жалға беруден қайтарып алуға және көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Аға медбике Жанылқан Бектемісова өзінің жылы лебізін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы он жылда алғаш рет ұжым тұрақтылықты сезінді: алғаш рет сыйақы алды, еңбекақы уақтылы беріле бастады.

Санаторий Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасып, сауықтыру бағдарламалар тізімін кеңейтті. ІІМ қызметкерлері мен зейнеткерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған, корпоративтік клиенттер және кәсіподақтармен әріптестік нығаюда.

Бүгінде "Қазақстан санаторийі" ауыр дағдарыстан шығып қана қоймай, сенімді түрде алға қадам басуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру