Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мерзімді әскери қызметші Ұлттық ұлан қатарында өмірлік жолын тапты

Мерзімді әскери қызметші Ұлттық ұлан қатарында өмірлік жолын тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қатарына келген Балғын Айдын әскери қызметті өзінің өмірлік жолымен ұштастыруды саналы түрде таңдады. Ол үшін мерзімді әскери қызмет бір жылдық міндет қана емес, кәсіби әрі тұлғалық дамуға бастайтын маңызды кезеңге айналды.

Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ұлттық ұлан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін атқара отырып, жас мамандардың өз әлеуетін іске асыруына нақты мүмкіндіктер ұсынып келеді. Бұл тұрғыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген ұландықтың өмір жолы — соның жарқын дәлелі.

Әскерге Талдықорған қаласынан шақыртылған 25 жастағы Балғын Айдын Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөліміне кәсіби даярлықпен келді. Ол — Семей медициналық университетін тәмамдап, жеті жылдық білім алған, дәрігер-терапевт мамандығы бойынша дипломы бар білікті жас маман.

Алғашқы алты ай ішінде ол Тараз қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысып, патрульдік қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында әскери ортада өз білімі мен тәжірибесінің аса қажет екенін терең түсінген Балғын Айдын Ұлттық ұлан қатарында келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруға шешім қабылдады.

Әскери бөлім басшылығы жас маманның кәсіби дайындығы мен жауапкершілігін жоғары бағалап, оған сенім артты. Қазіргі таңда Балғын Айдын әскери бөлімнің медициналық пунктінің бастығы қызметін атқарып, жеке құрамның денсаулығын бақылау, әскери қызметшілердің тез сауығып, сапқа қайта қосылуына жағдай жасау бағытында абыройлы еңбек етуде.

Алдағы уақытта Балғын Айдын өзінің алғашқы офицерлік әскери шені — лейтенант атағын иеленбек.

Бұл оқиға — жекелеген мысал ғана емес, Ұлттық ұланда жолға қойылған жүйелі әрі нәтижелі жұмыстың көрінісі. Мұнда мерзімді әскери қызмет кәсіби дамудың бастауы болып, әртүрлі сала мамандары әскер әлеуетін арттыратын маңызды ресурсқа айналуда.

Ұлттық ұлан — білім мен тәжірибе үйлесім тауып, әскери қызметті келісімшарт негізінде жалғастыру саналы таңдау ретінде қалыптасатын орта.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру