Павлодар облысында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті
Шарбақты ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шарбақты ауданы әкімдігінде полиция қызметкерлерінің қатысуымен брифинг ұйымдастырылып, онда аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Іс-шараға Шарбақты аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Қайрат Сатыбаев қатысты. Брифинг барысында ол интернет-алаяқтық деректеріне кеңінен тоқталып, бұл қылмыс түрінің қазіргі таңда ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты тұрғындарға цифрлық сауаттылықты арттыру, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларды пайдалану кезінде жеке деректердің қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар мал ұрлығының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Аталған құқық бұзушылық түрі ішкі істер органдарының тұрақты бақылауында екені айтылып, аудан тұрғындарына ауыл шаруашылығы жануарларының сақталуын күшейту, қоршаулар мен есепке алу талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Брифинг барысында аудан аумағында өткізіліп жатқан "Шырша" және "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шаралары туралы да ақпарат берілді. Бұл шаралар қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесудің алдын алуға, сондай-ақ жаңа жыл мерекелері қарсаңында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымы мен оларды қолдану тәртібін бақылауға бағытталған.
Кездесу қорытындысында мұндай түсіндіру және алдын алу бағытындағы шаралар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға оң ықпал ететіні атап өтілді.
