ШҚО-да полиция департаментінің қызметкерлері студенттермен кездесті
ШҚО-да полиция департаментінің қызметкерлері студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 желтоқсан күні ШҚО полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті. Іс-шара аясында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, онда студенттер арнайы құралдармен және қызметтік қару үлгілерімен, криминалистік зертхананың жұмысымен, сондай-ақ нақты уақыт режиміндегі көшедегі бейнебақылау мүмкіндіктерімен танысты.
Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу мәселелері де назардан тыс қалмады. Кездесу барысында ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов жастарға арнап сөз сөйлеп, мамандықты саналы түрде таңдаудың маңызын және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жас мамандардың рөлін атап өтті.
— Ішкі істер органдарында қызмет ету — бұл саналы таңдау және қоғам алдындағы жауапкершілік. Бүгінде еліміздің құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігінің болашағын дәл сіздер қалыптастырасыздар, — деді.
Сондай-ақ, жеке құраммен жұмыс департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанат Сикебаев студенттерге полиция қызметінің маңыздылығы туралы айтып, оларды қызықтырған сұрақтарға толық жауап берді.
Ашық диалог форматында өткен бұл шарада студенттерге қызметке қабылдану шарттары, кандидаттарға қойылатын талаптар, мансаптық өсу мүмкіндіктері мен әлеуметтік кепілдіктері туралы түсіндірілді. Осы жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектердің табысты мансаптық тәжірибелерінен мысалдар келтірілді.
Кездесу ШҚО Полиция департаментінің вокалды-аспаптық ансамблі мен хорының өнерімен аяқталды. Әсерлі әндер мен жанды дауыстағы музыка ерекше атмосфера сыйлап, бірліктің, сабақтастықтың және қызметке деген құрметтің символына айналды.
