Жетісу облысында студенттермен зиянды әдеттердің салдары туралы профилактикалық кездесу өтті
Жетісу облысында жаңа жыл мерекелері қарсаңында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының полиция қызметкерлері Жетісу университетінің студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жастарды есірткі, алкоголь, темекі және өзге де есеңгірететін заттарды тұтынудан сақтандыру, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы түсіндіру.
Кездесу барысында полицейлер мерекелік кезеңдерде жастардың заңсыз айналымға тартылу, тыйым салынған заттарды қолдану және соған байланысты қауіп-қатерлерге жиі ұшырайтынын атап өтті. Студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ мас күйінде жасалатын әрекеттерге байланысты көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік нормалары жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара барысында тірі әрі ашық қарым-қатынасқа ерекше назар аударылды. Ашық диалог форматында өткен кездесу студенттерге өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға, нашақорлықтың себептері мен салдары туралы еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мамандардың айтуынша, дәл осындай сенімді әңгіме мен уақытылы жүргізілген профилактикалық жұмыс жастарды орны толмас қателіктерден сақтаудың тиімді жолы болып табылады.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға, күмәнді ұсыныстарға ермеуге және бүгінгі саналы таңдау — ертеңгі қауіпсіздік, денсаулық пен табысты болашақтың кепілі екенін естен шығармауға шақырды.
