Түркістан облысында ұрлық пен алаяқтық қылмысының алдын алу шаралары талқыланды
Түркістан облысында ұрлық пен алаяқтық қылмысының алдын алу шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының әкімдігінде ҚР ІІМ-нің "2024-2026 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл" бағдарламасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Кеңеске Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Зұлпыхар Жолдасов, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев, сондай-ақ құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
А.Бейсенбаев ұрлық, мал ұрлығы және алаяқтықты қоса алғанда, мүліктік қылмыстардың алдын алу және дер кезінде ашу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Отырысқа қатысушылар барлық мүдделі құрылымды тарта отырып, пәтер, мал ұрлығы және басқа да жедел-профилактикалық іс-шараларды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Алдын алу шараларының ішінде қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау үшін арнайы қора-жайлар ұйымдастыру ұсынылды. Малға ен салып, таңбалау мәліметтерін тексеру үшін полиция планшеттерінің ветеринариялық қызмет дерекқорларымен өзара іс-қимылы мен интеграциясын күшейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мал жаю ережелерін бұзғаны үшін қарастырылатын жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар цифрлық қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде Түркістан қаласының қоғамдық орындары мен көшелерін бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету деңгейін талдады. Отырыс қорытындысы бойынша халық көп жиналатын оқу орындарында, мешіттерде, базарларда және сауда, ойын-сауық орталықтарында алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бейнероликтерді тұрақты көрсету қажеттігі айтылды.
