Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Атырауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

26 желтоқсанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорлармен жүргізілетін профилактикалық және түзету жұмыстарының тиімділігін арттыру, сондай-ақ қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын айқындауға арналған ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.

Жиын Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің төрағалығымен ұйымдастырылды. Кеңейтілген отырысқа Атырау облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, агрессорлармен жүргізілетін профилактикалық және түзету жұмыстарының нәтижелілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қорғау нұсқамалары мен ерекше талаптарды қолдану тәжірибесін қолданыстағы заңнама шеңберінде жетілдіру, олардың орындалуын бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Қатысушылар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдары арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру және тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі жоғары отбасылармен жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы — "Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер" бойынша 5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында отбасылық жанжал шығарған тұлғаларға қатысты 4 181 қорғау нұсқамасы шығарылып, 1 085 құқық бұзушыға мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру