Атырауда патрульдік инспектор қоғаммен байланыс орнатуда үздік атанды
Атырауда патрульдік инспектор қоғаммен байланыс орнатуда үздік атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
27 желтоқсан күні Атырау қаласында батыс өңірлерінің үздік өкілдерін жинаған “Bizdin премия” Batys 2025 фестивалі өтті. Шара барысында “Үздік кәсіби контент” номинациясының жеңімпазы Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Жандарбек Берік атанды.
Жандарбек Берік 1996 жылы дүниеге келген. 2014-2015 жылдары ол 6637 әскери бөлімінде мерзімді әскери борышын өтеді. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2016 жылдың мамыр айында бастаған ол кейін Атырау мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы лауазымында еңбек етіп, арнайы атағы полиция аға лейтенанты.
– Мен бала күнімнен полицей формасына қызықтым. Сөйтіп, полиция қызметкері атандым. Мамандығым халықпен тығыз байланысты болғандықтан, қоғаммен ашық байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желіде блог жүргізуді қолға алдым. Бір айдан астам уақыт ішінде бұл контент көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, оқырмандар саны артты, – дейді Жандарбек Берік.
Ол өз парақшасында күнделікті қызмет барысымен бөлісіп, шынайы әрі өмірден алынған сәттерді көрсетеді. Халықпен тығыз қарым-қатынасқа негізделген бейнематериалдар көрерменнің қызығушылығын арттырып, полиция қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін көрсетуге мүмкіндік береді.
