Қарағанды облысы полиция департаментінде балаларға арналған ерекше іс-шара өтті
Қарағанды облысы полиция департаменті тергеушілер мен анықтаушылардың балалары үшін есігін айқара ашты. Арнайы ұйымдастырылған іс-шара барысында жас қонақтар ата-аналарының қызметімен танысып, криминалистика әлеміне саяхат жасап, мерекелік көңіл күйге бөленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар балалардың ата-аналары еңбек ететін жұмыс орындарынан басталды. Олар өз көздерімен аналары мен әкелерінің өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметін көрді. Көптеген бала тергеуші мамандығының қыр-сырын қызығушылықпен тыңдап, оның маңызын түсінуге талпынды.
Ерекше әсер қалдырған орындардың бірі – Қарағанды полициясының тарихынан сыр шертетін Еңбек және жауынгерлік даңқ музейі болды. Мұнда тәртіп сақшыларының бірнеше буынының ерлігі мен жетістіктері, ашылған қылмыстар, қызметтің қиын да жауапты сәттері баяндалды. Ардагерлер жайлы әсерлі әңгімелер балалардың бойында қорқыныш емес, керісінше мақтаныш пен құрмет сезімін оятты.
Күннің ең қызықты сәті – жас қонақтардың тергеу-криминалистикалық полигонға баруы болды. Мұнда олар криминалистика негіздерімен танысып, сарапшылардың нақты жұмысын көрді. Саусақ іздерін алу, оқиға орнын қарау секілді "нағыз" криминалистикамен жүздесу кейбір балалардың болашақ мамандыққа деген арманына жол ашқандай әсер қалдырды.
Шараның шарықтау шегі аниматорлар, сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өткен мерекелік бағдарламаға ұласты. Көңілді ойындар, байқаулар мен ән-күй шынайы мереке атмосферасын сыйлады. Әр бала тәтті сыйлыққа ие болып, мазмұнды да әсерлі күн жарқын көңіл күймен аяқталды. Ата-аналарының қиын да жауапты еңбегін ескерсек, мұндай қуаныш пен бейқамдыққа толы сәттердің маңызы ерекше.
Айта кету керек, полиция қызметкерлерінің балаларына арналған осындай мерекелік іс-шаралар облыстың аумақтық бөлімшелерінде де ұйымдастырылды. Ата-аналары қызметте жүріп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен кезде, олардың балалары арнайы дайындалған бағдарлама аясында көңілді уақыт өткізді. Бұл бастамалар – балаларға арналған қуаныш қана емес, сонымен бірге полиция қызметкерлерінің адал еңбегіне көрсетілген шынайы алғыс белгісі.
