Атырауда полицейлер ерекше балаларға мерекелік қуаныш сыйлады
Атырауда полицейлер ерекше балаларға жаңа жылдық қуаныш сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл - мейірім мен жанашырлықты дәріптейтін, адамдарды ізгі істерге жетелейтін ерекше мереке. Осы игі дәстүр аясында жаңа жыл қарсаңында Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Атырау облыстық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің Құрманғазы аудандық филиалына арнайы барып, ерекше балаларды келе жатқан мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, ақжарма тілектерін арнады. Іс-шара жылы әрі әсерлі жағдайда өтіп, балалардың жүзінен шаттық пен қуаныштың нышаны айқын байқалды. Полицейлермен жүздесу балаларға ерекше көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфераны айшықтай түсті.
Аталған қайырымдылық шарасы полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, әлеуметтік жауапкершілікті де жоғары деңгейде атқарып келе жатқанын көрсетті. Мұндай игі бастамалар қоғамда мейірімділік пен өзара қолдауды нығайтып, балалардың жүрегіне сенім мен қуаныш ұялатады.
Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған бұл кездесу қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналып, мерекенің шынайы рухын айқын сезіндірді.
