Алматыда полицияның қатысуымен жалпы қалалық ата-аналар жиналыстары өтті
Алматыда полицияның қатысуымен жалпы қалалық ата-аналар жиналыстары өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу тоқсанының басталуы қарсаңында қалалық ювеналдық полицияның ұйымдастыруымен жалпы қалалық ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын бақылау, сондай-ақ ата-аналардың мектеп оқушыларын тәрбиелеу мен оқытудағы жауапкершілігі негізгі назарға алынды.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балалардың мінез-құлқы мен дамуы үшін заңмен көзделген жауапкершілікті, оқуға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау міндетін, сондай-ақ ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қолданыстағы заңнамада қарастырылған жауапкершілік шараларын түсіндірді.
Жиында жасөспірімдердің бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастырудың маңызына ерекше көңіл бөлінді. Олардың айналасы, қызығушылықтары мен әдеттеріне назар аудару, сондай-ақ зиянды әдеттерге және теріс ортаға тартудың алдын алу мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар іс-шара аясында білім беру ұйымдарының маңында орналасқан сауда нүктелеріне рейдтік тексерулер жүргізілді. Кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарға белгілі бір өнім түрлерін сатуға тыйым салынатыны, сондай-ақ балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін тауарларды өткізудің жол берілмейтіні туралы заң талаптары түсіндірілді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер мен профилактикалық іс-шаралар оқу жылы бойы жүйелі түрде жалғасатын болады.
— Жаңа оқу тоқсанының басталуы — ересектерге балалар алдындағы ерекше жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салатын маңызды кезең. Баланың тәртібі, білімге және заңға деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтарға тек әрекет ету ғана емес, оларды алдын ала болдырмау. Бұл ретте ата-аналармен, мектептермен және кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеу аса маңызды, — деді Алматы қалалсы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Оның айтуынша, профилактиканың басты құралы — ашық әрі нәтижелі диалог.
— Біз мәселені барынша ушықтырып көрсетуге ұмтылмаймыз, бірақ ықтимал қауіптер туралы алдын ала ескертуге міндеттіміз. Бала әрдайым ересектердің назарында әрі қорғауында болуы тиіс — үйде де, мектепте де, көшеде де. Тек осылай ғана оның қауіпсіз әрі салауатты болашағын қамтамасыз ете аламыз, — деп түйіндеді Асхат Құлбаев.
https://youtu.be/86_Z6hFZiwE
