Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Айғақтан дәлелге дейінгі дәлдікті қажет ететін қызмет

Криминалист – қылмыс болған жерге алғаш жетіп, үнсіз қалған дәлелдерді "сөйлететін" маман. Оның әрбір қадамы, қырағылығы мен кәсіби шеберлігі күрделі қылмыстың ашылуына тікелей әсер етеді. Polisia.kz сайтының тілшісі оқырман қауымға осы бір қиын да, күрделі саланың қыр-сырын баяндап бермек.

Оқиға орнын мұқият қарап, көзге көрінбейтін іздер мен айғақтарды жинау – криминалистің негізгі міндеті. Саусақ іздері, қару-жарақ, басқа да дәлелдер арнайы зертханада зерттеліп, нәтижесінде нақты қорытынды жасалады.

Криминалист болу – үлкен жауапкершілікпен қатар, үздіксіз ізденісті талап ететін ұзақ жол. Асқан мұқияттылықты міндет ететін саланың сан қырын Түркістан облысы полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Дархан Зияевпен саралап көрдік.

Көпжылдық тәжірибесі бар маманның сөзінше, бұл саланың басты міндеті – қылмысты ашуға ғылыми негізде көмек көрсету. Бұл ең алдымен оқиға орнында қалған іздерді, заттай дәлелдерді анықтау, оларды заң талаптарына сай бекіту, алу және зерттеу жұмыстарын қамтиды.

— Криминалист дәлелдемелердің қайдан, қалай және қандай жолмен пайда болғанын түсіндіре алуы керек. Біздің зерттеулер кейде күдіктінің әрекетін дәлелдесе, кей жағдайда жазықсыз адамның жауапкершіліктен босауына мүмкіндік береді, — дейді Дархан Зияев..

Бір ғана дәлелдің істің бағытын түбегейлі өзгерткен жағдайлар аз емес. Көзге көрінбейтін саусақ ізі, аяқ киім табанының ізі, автокөлік дөңгелегінің ізі немесе бейнебақылаудағы бірнеше секундтық кадр тергеудің жаңа бағытын ашуы мүмкін.

— Кейде іс бастапқыда бір нұсқамен қозғалады, алайда кейін табылған кешенді іздер немесе цифрлық деректер мүлде басқа шындықты көрсетеді. Сондықтан криминалистикада “ұсақ-түйек жоқ” деген қағида бар, — деп атап өтті маман.

Қылмыс орнын қарау — криминалист жұмысының ең жауапты кезеңдерінің бірі. Алдымен оқиға орнын сақтау мәселесіне баса назар аударылады. Айғақтардың жоғалмауы, бүлінбеуі немесе өзгертілмеуі — басты талап, осы бойынша іздердің орналасу логикасы мен қылмыстың жасалу тәсілі талданады.

— Бұл салада әр минут маңызды. Кейбір көзге көрінбейтін іздер тез жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан барлық әрекет қатаң тәртіппен, заң талаптарына сәйкес жүргізіледі, — дейді спикер.

Криминалистер үшін есте қалатын істердің көбі — айғақтары аз, бірақ қоғамда үлкен резонанс тудырған аса ауыр қылмыстар. Мұндай жағдайларда әрбір деталь бірнеше рет тексеріледі, ал ұжымдық жұмыс шешуші рөл атқарады.

— 2023 жылдың тамыз айында Түркістан облысында ауыр қылмыс тіркелді. Оқиға орнын сапалы әрі тиянақты қарау барысында қалған жалғыз із қылмыскерлерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілер ұсталып, сот үкімі шықты, — дейді криминалист.

Бұл қызметтің психологиялық салмағы да аз емес. Адам өлімі, балаларға қатысты қылмыстар, ауыр зорлық-зомбылық фактілері кез келген маманға әсер етеді. Алайда криминалист эмоцияға берілмей, кәсіби салқынқандылықты сақтауы тиіс. Психологиялық дайындық, тәжірибе және қызметтік жауапкершілік бұл қиындықтарды еңсеруге көмектеседі

Қазіргі криминалистиканы жоғары технологияларсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде ДНҚ молекулярлық-генетикалық зерттеу, цифрлық криминалистика, криминалистикалық жарық көздері, георадарлар, дрондар, регула құрылғысы және бейнеаналитика кешені кеңінен қолданылады.

— ДНҚ зерттеуі — ең жоғары дәлдікке ие әдістердің бірі. Дегенмен кез келген дәлел сияқты ол да басқа айғақтармен бірге кешенді түрде бағаланады, — деп түсіндірді маман.

Цифрлық іздердің маңызы да жылдан-жылға артып келеді. Телефон қоңыраулары, геолокация, хат алмасулар, әлеуметтік желідегі белсенділік оқиғаның уақытын, орнын және қатысушыларын анықтауға мүмкіндік береді. Кей жағдайда дәл осы деректер қылмыстың алдын алуға да сеп болады.

Фильмде криминалистика процесі көбіне жеңіл түрде көрсетіледі. Ал шынайы өмірде бұл — ұзақ, мұқият әрі көп еңбекті талап ететін жұмыс. Соған қарамастан, мұндай туындылар қоғамның бұл мамандыққа деген қызығушылығын арттырып келеді.

Криминалистика тек қылмысты ашумен шектелмейді. Криминалистикалық есептер мен талдаулар арқылы қылмыстың алдын алу, оның қайталануына жол бермеу де осы саланың маңызды бағыты.

Криминалист болуды мақсат еткен жастарға қойылатын талап та жоғары. Ұқыптылық, байқағыштық, шыдамдылық, логикалық ойлау, әділдікке адалдық және психологиялық тұрақтылық — бұл мамандықтың басты қағидалары.

— Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Заңды терең меңгеріп, кәсіби білімді үнемі жетілдіру — болашақ криминалист үшін аса маңызды, — дейді сала өкілі.

Сонымен қатар жасанды интеллект те криминалистика саласына біртіндеп еніп келеді. Бейнематериалдарды талдау, бет-әлпетті тану және үлкен деректерді өңдеу бағытында оның мүмкіндігі кең.

Криминалистика саласы — көзге көрінбейтін, бірақ ақиқатқа апаратын шешуші жол. Бір ғана із кейде бүтін бір істің тағдырын шешеді.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру