Қарағандыда тәртіп сақшыларының ерлігі дәріптелді
Қарағанды облысы полиция департаментінің Жауынгерлік және еңбек даңқы музейінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына арналған тағылымды кездесу өтті. "Рақмет саған, полицей!" атты кеште қызметтік міндетін адал атқарып, адам өмірін құтқарған полицейлердің ерлігі дәріптелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында Қарағанды қаласы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Ілияс Атбеков пен Магомед Якубовтың, сондай-ақ Бұқар жырау ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Саят Жариковтың батыл әрекеттері ерекше атап өтілді.
Алтыншы қабаттан құлап, ауыр жағдайға тап болған үш жасар баланы құтқару туралы оқиға патрульдік полиция полкінің басшылығына қызметкерлердің күнделікті есептері арқылы ғана белгілі болған. Егер бұл жайт әлеуметтік желілерде жарияланбағанда, Ілияс Атбеков пен Магомед Якубовтың шынайы ерлігі көпшілікке беймәлім күйінде қалуы мүмкін еді. Алайда желідегі жазбаларда баланың ата-анасы мен көршілері полицейлердің батыл әрекетіне ризашылықтарын білдіріп, олардың жанқиярлығын ерекше атап өтті.

Ал учаскелік инспектор Саят Жариков үшін адам өмірін құтқару – қызметтік борышын орындаудың бір көрінісі ғана. Ол "102" арнасына түскен хабарлама бойынша жедел әрекет етіп, қажетті шараларды қабылдаған. Соның нәтижесінде әйел аман қалды. Кейін бұл жағдайды зардап шеккен азаматтың анасы да бейнеүндеу арқылы растады. Бұл оқиға нағыз ерліктің көбіне көпшілік назарынан тыс қалып жататынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сақшылардың күнделікті жұмысы қауіп-қатермен бетпе-бет келуді, алғашқы көмек көрсетуді, өрт кезінде адамдарды құтқаруды және төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауды талап етеді. Әрбір жұмыс күні олар үшін жаңа сынақ әрі азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жауапты миссия.

Салтанатты шараның қорытындысында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов ерлік көрсеткен қызметкерлерді марапаттады. Ол тәртіп сақшыларының батылдығы, жанқиярлығы мен қызметтік борышқа адалдығы жоғары бағалауға лайық екенін атап өтті. Полицейлерге арнайы қолсағаттар табысталды.
Бұл марапат – өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге көрсетілген құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі.

