Заң мен тәртіп жолындағы әулет дәстүрі
Погон тағу — тек мамандық таңдау емес, ол өмірлік ұстаным мен жауапкершілікті қабылдау. Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің инспекторы Ақерке Мұсылманбекова үшін бұл жол бала күннен таныс еді. Ол құқық қорғау саласына кездейсоқ келген жоқ. Әкесі Қасқырбай Мұсылманбеков ұзақ жыл бойы қылмыстық-атқару жүйесінде абыройлы қызмет атқарып, заң мен тәртіпті сақтауға өз үлесін қосты. Әкесінің қызметке деген адалдығы мен темірдей тәртібі Ақеркенің болашақ мамандығын таңдауда басты үлгі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаражал қаласында дүниеге келген Ақерке мектеп қабырғасынан бастап заң саласына қызығушылық танытып, кейін құқықтану мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын студент кезінде-ақ түзеу мекемесінде бастап, тәжірибе жинақтады.
Жоғары білім алған соң туған өңіріне оралып, Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінде қызметін жалғастырды. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нәтижелі еңбек етті.
2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақерке Қасқырбайқызы жеке құраммен жұмыс жөніндегі топтың инспекторы қызметін атқаруда. Ол жас қызметкерлерді іріктеу, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және ұжымдағы тәртіп пен бірлікті нығайту бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
— Полиция қызметі — жай ғана жұмыс емес, бұл — үлкен жауапкершілік. Әкемнің өмір жолы мен үшін әрдайым үлгі, — дейді Ақерке.
Бүгінде Ақерке Мұсылманбекова — полиция әулетінің абыройлы дәстүрін жалғастырып, кәсібилік пен адалдықты басты құндылық санайтын жас офицерлердің бірі.
