Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көмек көрсетілді

Абай облысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қыс қытымыр мінезін көрсетіп, ауа райы күрт суытып, аяз күшейген күндері әрбір жанның қауіпсіздігі мен амандығы ерекше назарды қажет етеді. Әсіресе тағдыр тәлкегіне түсіп, тұрғылықты мекенжайы мен жеке құжаттарынан айырылған азаматтар үшін мұндай күндер аса қауіпті.

Осындай сын сағатта Абай облысы Семей қаласы полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының полиция қызметкерлері адамгершілік пен жанашырлықты алдыңғы орынға қойып, Абай облысының "Қазақстан Республикасы Қызыл Ай Қоғамы" қоғамдық бірлестігінің қызметкерлерімен бірлесе әлеуметтік бағыттағы маңызды іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – аязды күндері көшеде қалған, әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық қолдау көрсету. Полиция қызметкерлері мен Қызыл Ай еріктілері қала көшелерін аралап, көмекке мұқтаж жандарды анықтап, оларға қолдау көрсетті.

Шара барысында тұрғылықты мекенжайы жоқ, жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған азаматтарға ыстық тамақ пен жылы шай таратылды. Қарапайым көрінгенімен, бір табақ ыстық ас пен бір кесе шай аязды күні үміт сәулесі мен жан жылуына айналды. Сонымен қатар азаматтарға медициналық және әлеуметтік көмек алу жолдары түсіндіріліп, қауіпсіз жерлерге орналастыру мәселелері қарастырылды.

Бұл игі бастама тек материалдық көмекпен шектелмей, рухани қолдау көрсетуге де бағытталды. Полиция қызметкерлері әр азаматпен жеке сөйлесіп, олардың жағдайын тыңдап, түсіністік пен жанашырлық танытты. Мұндай сәттерде жылы сөз бен адами қарым-қатынас адамның өмірге деген сенімін қайта оятады.

Аталған іс-шара қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің, мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының жарқын көрінісі болды. Полицияның басты міндеті – тек қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар адам өмірін қорғап, қиын жағдайда қалған жандарға қолдау көрсету екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Қыстың қақаған аязында жасалған бұл игі іс – мейірім мен қамқорлықтың, бірлік пен жанашырлықтың айқын үлгісі. Себебі қоғамның күші – бір-біріне бейжай қарамай, қол ұшын соза білуде. Жылы жүрек пен ізгі ниет бар жерде үміт әрқашан бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру