Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полиция жастар арасында нашақорлыққа қарсы жұмыстарын күшейтті

Қарағандыда полиция жастар арасында нашақорлыққа қарсы жұмыстарын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасында 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Аталған құжатта нашақорлықтың алдын алуға, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуге басымдық берілген.

Осы бағытта Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы халықпен жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп, заманауи әрі креативті тәсілдерді кеңінен қолдануда.

"Amanat" партиясының "Жастар Рухы" жастар қанатының волонтерлерімен бірлесіп, басқарма қызметкерлері саябақ аумағында ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді. Іс-шара барысында жастарға ақпараттық буклеттер таратылып, сұхбаттар жүргізілді. Акцияға қатысушыларға есірткіге қарсы символикасы бар спорттық бас киімдер, шарфтар, шейкерлер сияқты естелік сыйлықтар тарту етілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар жастардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, болашақ өмірлік таңдауларына саналы көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар науқан аясында К.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде "Спорт – есірткіге қарсы" ұранымен юниорлар арасында жеңіл атлетикадан Қарағанды облысының чемпионаты өтті. Жарысқа өңірдің үздік жас спортшылары қатысып, спорттың денсаулықты нығайтудағы, тәртіп пен табандылықты қалыптастырудағы маңызын айқын көрсетті.

Қарағанды облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Данияр Жакудаев мұндай іс-шаралар жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, олар дарынды спортшыларды анықтаумен қатар, белсенді және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру