Әділдік пен адалдық жолындағы қызмет
Әділдік пен адалдық жолында 25 жыл қызмет атқарып келе жатқан тергеуші Зибагүл Купенова жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Ол ауылда бала кезінен теледидарда көрсетілетін "Улицы разбитых фонарей", "Спрут", "Шерлок Холмс" фильмдерінің жанкүйері болған. Небір шырмалған істердің түйінін шебер шешетін мамандардың кәсібилігіне тәнті болып өскен ару өзінің тергеуші болатынына еш күмәні болмаған.
Бүгінде Зибагүл Купенова – тергеу саласында ширек ғасырға жуық уақыт адал қызмет етіп келе жатқан, нағыз кәсіби маман. Бұл жылдары алдынан айуандықпен адам өлтіргендер де, зорлық жасаушылар да, шындық іздеп шырылдаған ана, қабырғасы қайысқан әке де, ойнап жүріп опық жеген жастар да, ісіне өкінбек түгілі, міз бақпаған әккілер де өткен.
– Қандай жағдай болмасын, бір сәт те, тергеу саласынан кету туралы ой келмепті. Тергеуші әрдайым бір қадам алда ойлауы тиіс. Білімі ғана емес, логикалық ойлау қабілеті де шешуші рөл атқарады, – дейді маман.
Тергеушілер уақытпен санаспайды. Олар үшін бастысы – нәтиже.
– Қылмысты ашқанша ұйықтай алмай, тіпті түнгі сағат 2-3-терде жаңаша ой келіп, жұмысқа келетін кездерім де талай болды, – деп күліп есіне алады ол.
Әрине, тергеуші арулар да ет пен сүйектен жаралған. Зибагүл Купенованың Ақтөбедегі 22 жылдық қызметінде небір қылмыстар көз алдынан өтсе де, ана ретінде балалар мен әйелдерге қатысты қатігездікпен жасалған қылмыстар әлі күнге дейін қабырғасын қайыстыратынын жасырмайды. Бұл қылмыстардың түбіне жетіп ашқанша, тынысы тарылғандай күй кешіп, кінәлілер жазасын алғанда барып тыным табатынын мойындайды.
– Бейкүнә балаларға қатысты жасалған қылмыстардың көбі – ана-ананың бейқамдығынан, ересектердің жауапсыздығынан орын алады. Баланы ешқашан көзден таса қылмау керек, – деп тұжырымдады.
Тергеушілік қызметінің алғашқы жылдарының өзінде Зибагүл Купенова Ақтөбе қаласында мектептен жалғыз қайтқан 13 жасар қыз балаға зорлық көрсету дерегі бойынша істі тергеген. Есеңгіреген бүлдіршін, қабырғасы қайысқан ата-ана жас тергеушінің жан-дүниесін астан – кестен етіп, азғынды табуға бар ынта-жігерімен шүйліге кіріскен. Нәтижесінде жас маман аз уақыт ішінде 22 жастағы күдікті жігітті тауып шығарып, сараптама нәтижелері де қылмыскердің осы екенін растаған.
– Балаға қатысты ағайын адамдардың өзі қатігездік көрсетуі мүмкін. Дана халқымызда "Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды бөтен үйден тойдырма" деген сөз бар. Мұны әрбір ата-ана қатаң ұстанса деймін. Бұл көп қауіптің алдын алар еді. Өзім де 3 бала тәрбиелеп отырған анамын. Ұл-қыздарымыздың бақыты – бәрінен қымбат, – дейді Зибагүл Төлеуғазықызы.

Албырттықпен, қызуқандылықпен өз ісінің байыбына бармай, опық жейтін жасөспірімдерді көргенде де тергеушінің аналық жүрегі бейжай қалмайды.
– Өз тәжірибемде кәмелетке толмағандардың өзара жанжалдасып, бірі екіншісіне жарақаттап алуы бойынша іс болды. Жарақат болмашы ғана болғанымен, күретамырға дәл тиген. Кінәлі бала – белсенді, мектебінің үздік оқушысы екен. Қатты өкініп, кешірім сұраумен болды. Алайда, жәбірленушінің бір қолына қатты зақым келіп, мүгедектік алуына мәжбүр болды. Екі анаға да ауыр тиді. Ойланбаған әрекет екі жас өмірге мол зардабын әкелді, – дейді тергеуші.
Нәзік жанды тергеуші ретінде Зибагул Купеноваға жәбірленуші әйелдер өз құқықтарын қорғауды толығымен сеніп тапсырады.
– Ширек ғасырға жуық қызметімде әйелдердің төзімділігіне, кешірімділігіне, тіпті ер азаматтың абыройы, өзінің ар-намысы үшін өзін құрбан еткен жағдайлардың куәсі болдым. Қазақта "Әйелдің қырық жаны бар" дейді. Әрине, әйел қанша мықты болып көргенмен, оның жаны да, тәні да нәзік. Ер азаматтардың соны түсінбейтіні өкінішті, – деп қынжылады маман.
Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі ұрып-соғып, 5-қабаттың терезесінен итеріп жіберсе де, сотта күйеуін босатуды сұраған әйелдің көз жасы тергеушінің әлі күнге дейін есінде.
– Күйеуі жоғарғы қабаттан итеруінің салдарынан әйел мүгедектер арбасына таңылып қалды. Алайда, сотта жұбайын кешіргенін айтып, оны үйіне қайтаруды сұрады. Бұл әрекетін әйел "Мен енді денсаулығымды жоғалттым. Күйеуім қасымда болса, мені бағып-күтетін еді" деп түсіндіріп, осы күйге түсірген адамға әлі де өз өмірін сеніп тапсыратынын білдіргенде таңданысымда шек болмады – деп есіне түсіреді полицей.
Объективті болу – әрбір тергеушінің басты қағидаты.
– Тергеуші екі тарапқа да бірдей қарап, нақты дәлелдерге сүйенуі қажет. Өз жұмысымды сүйіп атқарамын. Жәбірленушінің құқықтары қорғалып, кінәлілер тиісті жазасын алғанын көру – мен үшін ең керемет сезімдер – дейді Ақтөбе қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі З.Купенова.
