Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицей мұз ойылып, суға кеткен балықшыларды құтқарды

Павлодар облысы аумағында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, аязды күні азаматтарға көмек көрсетіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

07:33-те Екібастұз қаласындағы су қоймасында Mitsubishi Delica автокөлік мұз ойылып, суға батып кеткені туралы хабарлама түсті. Ол көлікпен 4 азамат балық аулауға барған. Оқиға орнына жедел түрде учаскелік полиция инспекторы Архар Оспанов барып, автокөлік пен балықшыларды анықтады. Кейін ол координаттарды жедел-тергеу тобына және төтенше жағдайлар қызметіне хабарлады.

– Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде төрт ер адам да құтқарылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Құтқару сәтінде олар қатты тоңған. Суға түскен киімдері мұз болып қатып қалғандықтан, олар бірден автокөлікке отыра алмады. Шалбарларын қайшымен кесуге тура келді. Балықшылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Барлығы да үсіп қалу белгілерімен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Толеген Құдайбергенов.

Ведомство мәліметінше, ер адамдар ескертулерге және қатты аязға қарамастан балық аулауға шыққан. Мұз үстіне шығып, құрал-жабдықтарын түсіргеннен кейін автокөлік мұз астына кеткен, оны шығару мүмкін болмаған.

– Азаматтардың қауіпсіздігі – бірінші орында, – деп атап өтті полиция ведомствосында.

Сондай-ақ тұрғындарды қатты аяз кезінде алыс жолға шықпауға және сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру