Полиция қызметкерлері студенттерге қауіпсіздік сабағын өткізді
Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері заң колледжінің студенттеріне арналған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сабақ барысында полицейлер жол қозғалысы ережелеріндегі өзгерістер, электрсамокаттар мен мопедтерді пайдалану тәртібі, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау жөніндегі заң талаптары туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының нақты мысалдары келтіріліп, олардың салдарынан жастардың зардап шеккен жағдайлары айтылды.
– Біздің басты мақсатымыз – жастардың жолдағы жауапкершілікті терең түсінуіне ықпал ету. Ақпараттың қолжетімді әрі есте қаларлық болуы үшін интерактивті тәсілдер мен тренингтерді қолданамыз. Полиция мен жастардың бірлескен әрекеті ғана жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Іс-шара диалог және практикалық тренингтер форматында өтіп, студенттерге қауіпсіздік ережелерін тереңірек меңгеруге және заң талаптарын сақтаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
