Атырауда сотталғандарды жұмыспен қамту бойынша жаңа өндірістік нысандар ашылды
Атырауда сотталғандарды жұмыспен қамту бойынша жаңа өндірістік нысандар ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №15 мекемеде сотталғандарды ақылы жұмыспен қамтуды кеңейту мақсатында екі өндірістік ғимарат салынды.
Аталған өндірістік нысандар 2025 жылдың соңына қарай пайдалануға беріліп, қазіргі таңда мекеме аумағында 8 кәсіпкер өз қызметін жүзеге асырып, жұмыс орындарын ашты. Нәтижесінде, мекемеде жазасын өтеп жатқан 200-ге жуық сотталған тұрақты ақылы жұмыспен қамтылып отыр.
Өндірістік цехтерде жиһаз өнімдерін шығару, ағаш, темір және теріден түрлі бұйымдар жасау жолға қойылған. Сонымен қатар, алдағы уақытта тас өндіру және темір-бетон бұйымдарын (ЖБИ) дайындау бағытындағы өндірісті іске қосу жоспарлануда.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – сотталғандарды еңбекке тарту арқылы олардың кәсіби дағдыларын дамыту, еңбекке бейімдеу, әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Сонымен қатар еңбек арқылы алынған табыс сотталғандардың материалдық жағдайын жақсартуға, келтірілген залалды өтеуге және қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті алдағы уақытта да сотталғандарды жұмыспен қамту аясын кеңейту, жаңа өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлермен өзара тиімді әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.
