ШҚО-да полицейлер Үлбі металлургиялық зауытының жас қызметкерлерімен кездесті
ШҚО-да полицейлер Үлбі металлургиялық зауытының жас қызметкерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заң және жастар — ұранымен Үлбі металлургия зауытында жас мамандар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің кездесуі өтті. Ашық диалог форматы қатысушыларға жай ғана лекция тыңдап қоймай, қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін кәсіби мамандармен тікелей талқылауға мүмкіндік берді.

ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мәди Қалиақпаров жастарға өңірдегі есірткі жағдайы туралы толыққанды айтып берді. Мұндай әңгіменің басты мақсаты — "оңай олжаның" қауіпті салдары туралы ескерту және ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша жазаның қатаңдығын түсіндіру.
Кездесу соңында қызметкерлерге бір қателіктің өзі болашаққа және мансап жолына қалай балта шабатынын айқын көрсететін бейнематериалдар ұсынылды. Мұндай алаңдар жастар арасында құқық бұзушылықтарға қарсы иммунитет пен нақты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға көмектеседі.
