Жамбыл облысында полиция қызметкерлерінің балалары сурет байқауына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында "Адал полицей" акциясы аясында полиция қызметкерлерінің балалары арасында "Менің әкем (анам) — менің мақтанышым" тақырыбында облыстық сурет байқауы өтті. Іс-шараның мақсаты — полиция қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.
— Қоғам мен полиция арасындағы сенім ең алдымен отбасында, бала жүрегінде қалыптасады. Балалар суреттері арқылы полиция қызметкерінің тек формадағы адам емес, ол – ата-ана, қамқор жан, ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым адам екенін көрсетті. Барша қатысушыларға алғыс білдіреміз, — деп атап өтті ПД бастығының орынбасары О.Жолдасов.
Байқауға 10 жасқа дейінгі балалар мен 11–14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысып, барлығы 30-дан астам бала өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Сайыс нәтижесінде тақырыпты ашу және бояуларды қолдануда шеберлігін көрсеткен Ерғали Алихан және Ерлепесова Жанайым жеңімпаз атанып, ҚР ІІМ-де өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Барлық қатысушылар ПД Алғыс хаттарымен, үздіктер дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, балалар іс-шара соңында ата-ана, туған жер тақырыбында өлеңдер оқып, полиция қызметіне қатысты ойларымен бөлісті. Іс-шара кішкентай қонақтардың ПД мұражайы мен жедел басқару орталығына экскурсиясымен аяқталды.