Алматыда "Адал полицей" тұжырымдамасы аясында балалар арасында сурет байқауы өтті
Алматыда "Адал полицей" тұжырымдамасы аясында балалар арасында сурет байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінде "Адал полицей" тұжырымдамасын іске асыру аясында полиция қызметкерлерінің балалары арасында "Менің ата-анам – мақтанышым" атты республикалық балалар сурет байқауы ұйымдастырылды.
Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, ішкі істер органдарындағы қызметке деген құрметті қалыптастыру, ата-анасының мамандығына деген мақтаныш сезімін тәрбиелеу және отбасылық құндылықтарды нығайту.
Байқауға 18 бала қатысып, өз жұмыстарында полиция қызметінің күнделікті қырларын бала көзімен бейнеледі. Суреттерде қамқорлық, қорғау, адамдарға көмек көрсету және қызметке адалдық сияқты құндылықтар көрініс тапты.
Байқау қорытындысы бойынша I орынды – 11 жастағы Арсен Бектасов, II орынды – 13 жастағы Малика Разбек ал III орын – 9 жасар Арнай Әділбақ және 8 жасар Сұлу Алинур иеленді.
Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Алматы қаласыполиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов аталған байқаудың адал полиция идеологиясымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Бұл тұжырымдама — тек қызметкерге қойылатын талаптар ғана емес, оның отбасына сіңіретін құндылықтары. Бала өз ата-анасын полицей ретінде мақтанышпен бейнелесе, бұл қызметтің құрметке, адалдыққа және сенімге негізделгенін білдіреді. Адал полицей бейнесі алдымен отбасында, кейін қоғамда қалыптасады, — деді Әділғожа Құсайынов.
Оның айтуынша, байқау жүйелі тәрбиелік жұмыстың бір бөлігіне айналды.
— Балалардың шығармашылығы арқылы бізді ең жақын жандарымыз қалай қабылдайтынын көреміз. Бұл — біздің қызметімізге берілетін ең шынайы баға. Мұндай іс-шаралар қызмет пен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, балалардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік және заңға құрмет сезімін қалыптастырады, — деп түйіндеді Әділғожа Құсайынов.
