Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға психологиялық іс-шара ұйымдастырылды
Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға психологиялық іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қаңтар дүниежүзілік қолмен хат жазу күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде ерекше психологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Мекеменің психолог маманы Ақгүл Аманова сотталғандар арасында ертегі жазу терапиясын өткізді.
Терапия барысында қатысушылар ойдан ертегі құрастырып, өздерін басты кейіпкер ретінде елестетті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — сотталғандарды бала кезге ойша саяхаттату, интеллектіні қозғау, ойды жағымды арнаға бұру, сананы ояту және шығармашылық қабілетті дамыту. Сонымен қатар, қағаз бен қаламды қолданып, өз-өзіне хат жазу тапсырмасы берілді. Бұл — адамның өзімен ашық сөйлесіп, ішкі жан айқайын қағаз бетіне түсіру арқылы психологиялық жеңілдеуіне көмектесетін тиімді терапия әдісі.
— Ертегі жазу арқылы өзімді бала кезімдегідей еркін сезіндім. Өмірімдегі қателіктерді кейіпкердің тағдыры арқылы көріп, көп нәрсеге ой жүгірттім. Өзіме хат жазу оңай болмады, бірақ жүрегімдегіні жасырмай жаздым. Осы терапия маған ойымды жинақтауға, алға мақсат қоюға көмектесті, — деп бөлісті сотталғандардың бірі.
Психолог Ақгүл Аманованың айтуынша, мұндай терапия сотталғандардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандырып, өзін-өзі тануына және болашаққа үмітпен қарауына ықпал етеді.
— Ертегі — тек қиял емес, ол адамның ішкі жан дүниесіне апарар жол. Ал өзіне хат жазу — ішкі тазарудың бір түрі, — дейді маман.
Мұндай тәрбиелік мәні бар іс -шаралар алдағы уақытта да өткізілу жоспарлануда.
