Екібастұзда 1500-ге жуық оқушы құқықтық дәріске қатысты
Екібастұзда 1500-ге жуық оқушы құқықтық дәріске қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұзда мектеп оқушыларына арналған ауқымды құқықтық кездесу өтті. Іс-шараның ерекшелігі — белсенді қатысуға басымдық берілуі. Яғни дәстүрлі дәрістердің орнына оқушылар нақты кейстерді талдап, өз көзқарастарын қорғап, топпен жұмыс істеп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданды. Шараның ашылуы кең ауқымды интерактив форматта өтіп, оған бір мезетте шамамен 1500 оқушы қатысты.
Іс-шара "Адал азамат" бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мектеп ортасындағы құқықтық мәселелер мен педагогикалық тәжірибелерді түсіндірді.
— Құқықтық мәселелерге және жанжалдардың алдын алудағы заманауи педагогикалық тәсілдерге ерекше назар аударылды. Іс-шара "Заң мен тәртіп" бастамасы аясында өтіп, 7–11 сынып оқушыларын біріктірді. Ағартушылық кездесу жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған, — деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Іс-шара өтетін алаң ретінде "Самғау" балалар шығармашылық орталығы таңдалды. Мұнда бір мезетте тоғыз тақырыптық интерактив аймақ жұмыс істеді. Оқушылар тәжірибеге бағытталған форматтарға белсенді қатысты: сот процестерін сахналап, құқықтық пікірталастар мен зияткерлік сайыстарға қатысты, хакатонға қатысып, психологиялық тренингтерден өтті, сондай-ақ қала прокурорымен тікелей диалог форматында жүздесті.
Барлық алаңдарда жасөспірімдермен полиция қызметкерлері жұмыс істеп, өмірлік жағдайларды талдауға және оларды заңды жолмен шешуге көмектесті.
Жиналған материалдар мен әдістемелерді облыстың білім беру ұйымдарында қолдану жоспарлануда. Бұл құқықтық ағартуды жалғастырып, жобаның қамту аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
