Құқық қорғаушының кәсіби үлгісі
Құқық қорғаушының кәсіби үлгісі болған полиция қызметкері – Айнұр Касимова жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Айнұр Касимова қазіргі таңда Қызылорда облысы Қармақшы ауданы полиция бөлімінің екінші арнайы тобының инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Аса маңызды бұл салада қызмет ету – зор жауапкершілікті, кәсіби сауаттылықты, мүлтіксіз тәртіп пен үлкен төзімділікті талап етеді. Ішкі істер органдарында ер-азаматтармен иық тіресе қызмет етіп жүрген Айнұр Касимова осы талаптардың барлығына сай келетін білікті маман.
– Полиция қызметкері болу – бала кезімнен бергі арманым. Мектепті аяқтаған соң, осы арманның жетегінде жүріп, заңгер мамандығын таңдадым. Қызылорда гуманитарлық заң университетін үздік тәмамдап, еңбек жолымды 2015 жылы Қармақшы ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастадым. Құқық қорғау саласының өз қиындығы бар. Дегенмен, бұл – өзім таңдаған жол. Сондықтан ешқандай қиындыққа мойымаймын. Полиция – әйел заты көп бара бермейтін сала. Соған қарамастан, мен отбасым мен қызметімді қатар алып келемін. Ата-анама, бауырларыма әрдайым қолдау көрсетіп, барынша уақыт бөлуге тырысамын, – дейді ол.
Қызмет жылдары ішінде Айнұр Касимова өзінің адал еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында Қызылорда облысы полиция департаментінің бірқатар арнайы марапаттарына ие болды. Бұл жетістіктер оның алдағы уақытта да ел тыныштығы жолындағы қызметін табандылықпен жалғастыруына зор серпін беретіні сөзсіз.
