Астанада көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді
Астанада көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында елордалық полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтауға, жолын кесуге және алдын алуға, сондай-ақ шетел азаматтары мен қабылдаушы тарапқа қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шара аясында шетел азаматтарының заңсыз болуы мүмкін орындары — пәтерлер, қонақ үйлер, жатақханалар, құрылыс нысандары, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын орындар: базарлар, демалыс аймақтары, вокзал маңы аумақтары, өндірістік аймақтар және басқа да жерлер тексерілуде.
Іс-шараның алғашқы күні қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзудың 92 дерегі анықталды. Оның ішінде шетел азаматтарының болу қағидаларын бұзудың 68 дерегі, шетел азаматтарын қабылдаған жеке және заңды тұлғалар тарапынан жіберілген бұзушылықтардың 20 дерегі, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуға байланысты 4 дерек тіркелді.
Сот шешімімен 7 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды, ал 17 адамның уақытша болу мерзімі қысқартылды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында белгіленген болу мерзімдерін бұзған, бұрын сот қаулысын елемей, құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген шетел азаматы да анықталып, жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасады.
Полиция шетел азаматтарын, жұмыс берушілерді және тұрғын үй мен орналастыру қызметтерін көрсететін тұлғаларды Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
