Маңғыстау облысында мал ұрлығының алдын алу бойынша рейдтік іс-шара өтті
Маңғыстау облысында мал ұрлығының алдын алу бойынша рейдтік іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22–24 қаңтар аралығында Маңғыстау облысы ПД криминалдық полиция басқармасы, қоғамдық қауіпсіздік қызметі, Қарақия ауданы полиция бөлімі және ветеринариялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, Қарақия ауданы аумағындағы шаруа қожалықтарында профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Іс-шара барысында мал иелеріне мал жаю қағидаларын сақтау, малды қараусыз жайылымда қалдырмау қажеттілігі түсіндірілді. Бұл талаптарды бұзған жағдайда ҚР заңына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгені ескертілді.
Сондай-ақ малды және оның етін тиісті ветеринариялық құжаттарсыз тасымалдауға жол берілмейтіні түсіндірілді. Мал ұрлығы үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгені, яғни мал ұрлағаны үшін айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілеу және ауыр жағдайларда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны түсіндірілді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті түрде сырғалау қажеттілігі айтылып, бұл шаралар мал ұрланған жағдайда оны анықтауға мүмкіндік беретіндігі атап өтілді. Түнгі уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында малдарға жарықшағылыстырғыш элементтер тағу ұсынылды. Жыл басынан бері 25 тұлға жауапкершілікке тартылған.
Полиция мал ұрлығының алдын алу және мал шаруашылығы саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.
