Елордада мектеп оқушылары арасында "Дроп" тақырыбында эссе жазу шарасы өтті
Елордада мектеп оқушылары арасында "Дроп" тақырыбында эссе жазу байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция қызметкерлері білім басқармасымен бірлесе отырып, қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 10–11 сынып оқушылары арасында "Дроп" тақырыбында жаппай эссе жазу шарасын ұйымдастырды.

Аталған іс-шара жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға және жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударуға бағытталды. Қазіргі уақытта алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде дропперлерді қылмыстық схемаларда пайдалану жағдайлары жиілеп отырғандықтан, оқушыларға ерте жастан құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды.
Эссе жазу барысында оқушылар "Дроппер деген кім?", "Жеке деректерді алаяқтардан қалай қорғауға болады?" тақырыптарында өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аталған іс-шараға шамамен 38 мыңға жуық жасөспірім қатысты. Шара №91 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері оқушыларға интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері, дропперлердің қылмыстық әрекеттердегі рөлі, сондай-ақ жеке деректерді қорғау жолдары мен қауіпсіздік ережелері туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар заң талаптары мен құқық бұзушылық үшін көзделген жауапкершілік мәселелері де қозғалды.
Мұндай профилактикалық бағыттағы іс-шаралар оқушылардың саналы азамат болып қалыптасуына, заңға құрметпен қарауына және алаяқтардың арбауына түспеуіне ықпал етеді.
