Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталғанның түзеу мекемесінен өндіріс шеберіне дейінгі жолы

Ақмола облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізілген он жыл Михаил үшін тек жазалау мерзімі емес, тағдырын түбегейлі өзгерткен өмірлік сабаққа айналды. Бүгінде Михаил ірі өндіріс орнында механикалық учаскенің шебері қызметін атқарады. Ол цехтағы станоктардың үздіксіз жұмысын қадағалап, күрделі жабдықтардың қалыпты жағдайына жауап береді. Михаилдың оқиғасы туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Әріптестері Михаилды оны білікті маман әрі жауапты басшы ретінде құрметтейді. Алайда бірнеше жыл бұрын оның өмір жолы мүлде басқа бағытта өрбіген еді.

Михаил қарапайым ортада өсіп, көптен ерекшеленбейтін қатардағы жігіт болды. Алайда 2010 жылдардың басында жаман ортаның ықпалы мен "жеңіл табысқа" деген алдамшы қызығушылық оны ауыр қателікке итермеледі. Жастықтың жеңіл ойлылығы мен дер кезінде тоқтай алмау ақыры топтасып тонау секілді ауыр қылмысқа әкеп соқты. Сот үкімімен ол қатаң режимдегі мекемеге 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қамауда өткізген алғашқы жылдар Михаил үшін ауыр болды. Уақыттың босқа өтіп жатқанын, егер өз өмірін өзгертпесе, бостандыққа шыққаннан кейін де оны бос кеңістік күтіп тұрғанын сол жерде терең түсінді.

Осы шешім оны мекеме жанындағы кәсіптік колледжге алып келді.

— Сол кезде алғаш рет токарь станогының қасына бардым. Алдымен қызығушылық болды, кейін бұл іс мені толықтай баурап алды, — деп еске алады ол.

Оның ынтасы мен жауапкершілігін ұстаздары да жоғары бағалады.

— Михаил мұқият, тәртіпті студент болды. Алға басатыны бірден байқалды, - дейді колледж меңгерушісі, шебер-технолог Галина Бонар.

Колледждегі практикалық сабақтар барысында ол қарапайым бөлшектерді дайындап, негізгі өндірістік операцияларды меңгерді. Дәл осы жерде оның бүгінгі кәсіби жолының берік іргетасы қаланды.

Жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін Михаил тағы бір сынаққа тап болды. Өткен өмірбаяны бар адамға жұмыс табу оңай емес еді. Соған қарамастан, ол зауыттағы токарь цехына жұмысқа қабылданды. Бұл мүмкіндікке өзі де сенер-сенбесін білмегенін жасырмайды.
Кәсіби дамуын жалғастыру мақсатында Михаил жоғары колледждің сырттай бөліміне оқуға түсті.

— Күндіз станокта жұмыс істедім, ал кешке сызбалар мен технологиялық процестерді оқыдым, — дейді ол.

Табандылық пен үздіксіз еңбектің нәтижесінде Михаил "Машина жасау технологиясы" мамандығы бойынша "техник-механик" біліктілігін алып шықты. Теориялық білім мен тәжірибенің үйлесуі оған механикалық цех шебері қызметіне көтерілуге мүмкіндік берді.

Бүгінде ол зауыттың күрделі техникалық жабдықтарына қызмет көрсетіп қана қоймай, ұжымды басқарып отыр. Әріптестері оны берік мінезі мен шебер қолы үшін жоғары бағалайды.

Михаилдың өмір жолы — ауыр қылмыс жасап, ұзақ жылдар қамауда отырғаннан кейін де қоғамға қайта оралып, адал еңбегімен өз орнын табуға болатынын дәлелдейтін нақты мысал. Бұл — түзелуге мүмкіндік бар екенін, ал дұрыс таңдау тағдырды өзгерте алатынын көрсететін өмірлік оқиға.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру