Абай облысында сотталғанға балалары үшін жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылды
Абай облысында сотталғанға балалары үшін жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының 38 жастағы тұрғыны ұрлық қылмысын жасағаны үшін 2 жыл 6 ай мерзімге орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеп жүрген.
Мекемеге келген кезде ол қызметкерлерге өзінің некеде тұрғанын және үш кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғанын хабарлаған. Оның 13 және 10 жастағы екі ұлы, сондай-ақ 8 жастағы қызы бар. Жұбайымен некеде 16 жылдан астам уақыт бірге өмір сүрген.
Жазасын өтеу барысында ер адам жұбайының алкогольді шамадан тыс тұтынуы және асоциалды өмір салтын ұстануы салдарынан ата-ана құқығынан айырылғанын біледі. Балалар уақытша 74 жастағы әжесінің қамқорлығына берілген.
Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесінде сот жаза өтеуді бір жыл мерзімге кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
Сотталған азаматтың мінез-құлқын бақылау мақсатында ол Ауэзов ауданының пробация қызметінде есепке қойылды. Қызметкерлер тарапынан оған профилактикалық, тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ кейінге қалдыру мерзімі ішінде жаңа қылмыс жасаған жағдайда жаза үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалатыны ескертілді.
— Балаларымның анасыз қалып, қарт әжесінің қолында тұрып жатқанын білген кезде қатты қорықтым. Өз әрекеттеріммен тек өз өмірімді ғана емес, ең жақын жандарымның тағдырын да қиратқанымды түсіндім. Қазір қателесуге құқығым жоқ. Бүгінде қаладағы серіктестіктердің бірінде жұмыс істеймін, жалақымның бір бөлігін балаларымның киіміне, азық-түлігіне және тұрғын үй ақысына жұмсап отырмын. Негізгі мақсатым — олардың сенімін қайта қалпына келтіру, нағыз әке болу және өзгеруге қабілетті екенімді дәлелдеу. Сот берген бұл мүмкіндікті соңғы мүмкіндігім деп қабылдаймын, — деп бөлісті сотталған азамат.
— Пробация қызметінің негізгі міндеті — сотталғандарды бақылау ғана емес, сонымен қатар оларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету. Бұл жағдайда ер адамның балалары үшін өмірін өзгертуге деген шынайы ынтасын көріп отырмыз. Қызмет тарапынан оған жұмысқа орналасу, әлеуметтік бейімделу және заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыру бағытында қажетті көмек көрсетілуде, — деп атап өтті Ауэзов ауданы пробация қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Турарқанов.
