Абай облысында оқушыларға арналған қауіпсіздік сабағы өтті
Абай облысында көші-қон қызметі басқармасының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары мен педагогтарға арналған қауіпсіздік сабағы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға 60-қа жуық оқушы қатысып, олар үшін көші-қон заңнамасы мен халықаралық сапар қауіпсіздігіне қатысты маңызды тақырыптар қамтылды.
Сабақтың негізгі тақырыбы — "Шетел азаматтарының балалары және елдерге қойылатын виза талаптары". Кездесу барысында көші-қон саласына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты түсіндірілді.
Атап айтқанда шетел азаматтарының балаларына қатысты құқықтық қорғау тетіктері мен олардың міндеттері кеңінен қаралды. Оқушылар мен ата-аналарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдік азаматтардың балаларына берілетін құқықтар мен жүктелетін міндеттер түсіндірілді.
Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеу тәртібіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға шетелдік балаларға арналған жеке куәлік, туу туралы куәлік, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және өзге де маңызды құжаттарды рәсімдеу кезеңдері егжей-тегжейлі таныстырылды.
Сабақ барысында Қазақстан азаматтарының шетелге шығу кезінде сақтауға тиіс виза талаптары мен халықаралық сапар ережелері де кеңінен баяндалды. Бұл ақпарат оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, халықаралық сапарлар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға баулуға бағытталды.
Азаматтарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу, заңнамалық нормаларды түсіндіру және Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға үйрету - полиция қызметінің басты бағыттарының бірі. Осы орайда, балалар мен жасөспірімдерге халықаралық сапарлар мен құжаттарды рәсімдеу мәселелері бойынша сенімді әрі түсінікті ақпарат беру арқылы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілді.
Көші-қон қызметі басқармасы азаматтардың құқықтарын қорғауға және заң талаптарын сақтау мәдениетін арттыруға басымдық береді. Мұндай ақпараттық кездесулер қоғамның құқықтық сауаттылығын арттырып, Қазақстан азаматтары мен шетелдік азаматтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал етеді.
