Атырауда мұз үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейд өтті
Атырауда мұз үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыс мезгілінде мұз қатқан су айдындарында қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ балық аулау және су ресурстарын қорғау қағидаларын қатаң ұстану аса маңызды. Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаментінің балық қорларына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімі төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырды.
Рейдтің негізгі мақсаты – мұз үстінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ су айдындарын заңсыз пайдалану деректерін анықтау болды.
Іс-шара барысында балық аулау және балық ресурстары мен өзге де су жануарларын қорғау қағидаларын бұзудың 4 дерегі анықталып, құқық бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар рейд кезінде тұрғындарға қысқы кезеңде мұз үстінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, белгіленбеген аумақтарға автокөлікпен шықпау, заңсыз балық аулауға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлері азаматтарды өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, су айдындарында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Аталған бағыттағы профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
