Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда кезекті “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды

Алматыда кезекті “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы №224 жалпы білім беретін мектепте “Жас сақшы” сыныбы өз жұмысын бастады. Бұл — қаладағы білім беру жүйесінде ашылған осындай бағыттағы 15-сынып.

Жоба Алматы қаласы полиция департаментінің қолдауымен жүзеге асырылып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті, тәртіп пен заңға құрметті қалыптастыруға бағытталған. Профильдік сыныптың оқушылары ішкі істер органдары қызметінің негіздерімен танысып, құқық нормаларын, қауіпсіздік негіздерін меңгереді, сондай-ақ профилактикалық және патриоттық іс-шараларға белсенді қатысады.

”Жас сақшы” сыныптарын құру мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын ерте айқындауға, жауапкершілік сезімін, азаматтық ұстанымын және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы көзқарасын дамытуға мүмкіндік береді.

— “Жас сақшы” жобасы — саналы, тәртіпті және әлеуметтік жауапты жастарды тәрбиелеуге қосылған үлес. Біздің мақсат — оқушыларға полиция қызметі туралы мәлімет берумен ғана шектелмей, заңға құрмет, патриоттық сезім және қоғамға пайдалы болуға дайындық қалыптастыру. Мұндай сыныптарға қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз және бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, — деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.

Полиция өкілдері “Жас сақшы” сыныптарын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, қаладағы өзге білім беру ұйымдарын да қамтитынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру