Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы полиция департаментінде "Үздік криминалист" байқауы ұйымдастырылды

Абай облысы полиция департаментінің жедел криминалистикалық басқармасы "Үздік криминалист" конкурсын ұйымдастырып, облыстың криминалистикалық қызмет саласындағы мамандарының кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше мүмкіндік берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларын шыңдау, сондай-ақ заманауи криминалистикалық әдістерді меңгеруге ынталандыру.

Жарыста қатысушылар өздерінің білімін жан-жақты көрсетті: криминалистикалық тергеу әдістерін қолданудағы біліктілігін, нақты практикалық тапсырмаларды орындаудағы шеберлігін және пистолет МТ-мен атудан жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсете білді.

Комиссия шешімі бойынша жүзден жүйрік шыққан, облыстық конкурстың жеңімпазы атанып, республикалық "Үздік криминалист" конкурсына қатысуға жолдама алған маман – Жанасемей аудандық полиция бөлімі жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисті Лаура Тұрлыханова. Бұл жеңіс оның кәсіби шеберлігінің, жауапкершілігінің және криминалистикалық саладағы жоғары біліктілігінің айқын дәлелі болып табылады.

- Криминалистік қызмет – күрделі, жауапкершілігі жоғары сала. Бұл жерде әрбір шешім, әрбір әрекет адамның тағдырына, қоғамдағы сенім мен тәртіпке әсер етеді. Сондықтан кез-келген тәжірибелік қадамды мұқият орындау, кәсіби шеберлікті шыңдау – біздің басты міндетіміз. Республикалық "Үздік криминалист" конкурсына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл мүмкіндікті кәсіби білімімді арттыруға, жаңа тәжірибе жинақтауға және еліміздің құқық қорғау жүйесіне өз үлесімді қосуға қолданамын. Болашақта жас мамандарға тәжірибеммен бөлісіп, олардың кәсіби деңгейін көтеруге бар күшімді жұмсаймын, - деп атап өтті өз жеңісі туралы Лаура.

Аталған конкурс қызметкерлердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуға және криминалистикалық саладағы жаңа инновациялық әдістерді енгізуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру