Абай облысында полиция мектеп әкімшілігіне қауіпсіздік сабағын өткізді
Абай облысында полиция оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидаты аясында Абай облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары Сергей Лебедев Семей қаласындағы №30 мектептің әкімшілік өкілдерімен таныстыру-профилактикалық кездесуін өткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының өзекті мәселелерін қамтыды. Іс-шара барысында оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қазіргі жай-күйі жан-жақты талқыланып, кездесіп отырған проблемалық тұстарға ерекше назар аударылды. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылық, киберқауіпсіздік, буллинг, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігі мен ішкі істер органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру және бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру бағыттары айқындалды. Алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспары ұсынылып, профилактикалық кездесулердің тұрақты өткізілуі қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында Сергей Лебедев жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен болашағы – қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік екенін ерекше атап өтті.
- Бүгінгі оқушы – ертеңгі азамат. Сондықтан біз құқық бұзушылықтың салдарымен емес, оның алдын алумен айналысуымыз керек. Мектеп пен полиция бір бағытта, бір мақсатта жұмыс істеген жағдайда ғана нақты нәтиже болады. Балаларға заңды құрметтеуді үйрету – тек құқық қорғау органдарының емес, ең алдымен білім беру ұйымдары мен ата-аналардың ортақ міндеті. Біз әр баланың қауіпсіз ортада білім алып, өз болашағын сенімді құруына жағдай жасауымыз қажет, – деді Сергей Лебедев өз сөзінде.
Кездесу соңында қатысушылар профилактикалық жұмысты жаңа форматта жүргізу, ақпарат алмасуды жандандыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Мұндай кездесулер жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға да ықпал ететіні атап өтілді.
