Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада бейнебақылау инспекторы мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтады

Қызылордада бейнебақылау инспекторы мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы қызмет атқару барысында облыс орталығында қасақана жасалған құқық бұзушылықтың алдын алды.

Кезекшілікке түскен полиция қызметкері қоғамдық орындарды бейнебақылау камералары арқылы бақылау кезінде қала орталығында автокөлік маңында спирттік ішімдік ішіп тұрған бірнеше азаматты байқайды. Олардың бірінің көлік тізгініне отырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлар жасап, дрифт элементтерін орындағаны анықталды.

Аталған дерек бойынша бейнебақылау инспекторы жедел әрекет етіп, оқиға орнына жақын маңда қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция экипажына дереу хабар береді. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде аталған жүргізуші ұсталды.

Наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, құқық бұзушы орта дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған. Тексеру барысында 27 жастағы ер адамның өткен жылы сот үкімімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Автокөлік бірден айыптұраққа қойылды. Жүргізуші қамауға алынып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқару арқылы жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу)  бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Сонымен қатар аталған азаматпен бірге болған өзге адамдар қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, құқық бұзушы тиісті қорытынды шығармаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және мас күйде көлік басқармауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру