Ақмола облысының полиция департаменті ойын-сауық орындарындағы құқықтық тәртіптің жай-күйін талқылады
Ақмола облысының полиция департаменті ойын-сауық орындарындағы құқықтық тәртіптің жай-күйін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің күзет қызметін бақылау басқармасының бастығы Ерлан Мұстафин өңірдегі ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Іс-шараға қатыса алмаған ұйымдардың басшылары мен өкілдері кеңеске бейнебайланыс арқылы нақты уақыт режимінде қосылды.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 117 жеке күзет ұйымы тіркелген, оның 46-сы облыс орталығы — Көкшетау қаласында орналасқан.
Полиция қызметкерінің айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, барлық ойын-сауық мекемелері кәсіби лицензияланған күзетпен толық қамтамасыз етілмеген. Жекелеген жағдайларда қауіпсіздік функцияларын арнайы даярлықтан өтпеген ішкі қызмет қызметкерлері немесе мекеме персоналы атқарып отыр.
Өткен жылы Көкшетау қаласындағы ойын-сауық орындарында тіркелген құқық бұзушылықтарға байланысты "102" жедел арнасына 471 хабарлама түскен. Тексеру нәтижесінде 96 әкімшілік материал рәсімделіп, 16 қылмыстық іс қозғалды.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасының "Күзет қызметі туралы" заңнамасының талаптарына ерекше назар аударылды. Аталған заңға сәйкес, жеке күзет ұйымының қызметкері өзіне белгілі болған құқық бұзушылық фактілері туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлауға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 470-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес жеке жауапкершілік көзделген.
Полиция департаменті әрбір күзет қызметкері құқық бұзушылықтар туралы уақтылы хабарлау және азаматтардың көпшілік демалатын орындарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дербес жауапты екенін атап өтті.
