Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында шахмат чемпионаты өтті

Атырауда құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында шахмат чемпионаты өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шахмат – ақыл-ойды шыңдайтын, стратегиялық ойлауды дамытатын үстел спорт түрлерінің бірі. Осы зияткерлік ойын арқылы қызметкерлер арасындағы өзара түсіністік пен әріптестік қолдауды нығайту мақсатында Атырау облыстық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар қызметкерлері арасында шахматтан чемпионат өтті.

Сайысқа Атырау облысы полиция департаменті, Атырау қаласы полиция басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қалалық прокуратура және әскери бөлім қызметкерлерінен құралған 40-қа жуық қатысушы өзара бақ сынады. Сайыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар логикалық ойлау мен сабырлылықтың, тактикалық шеберліктің үлгісін көрсетті.

Тартысты бәсекенің нәтижесінде Атырау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілі жеңіс тұғырынан көрініп, I орынды иеленді. II орынға Атырау қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Шыңғыс Әбдіров лайық деп танылса, III орынды Атырау облысы полиция департаментінің "Арлан" оқу-жаттығу взводының қызметкері Темірғали Өтемісов қанжығасына байлады.

Сондай-ақ чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен тағы 17 қатысушы Сенат кубогының ширек финалына жолдама алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру