Талдықорғанда "Қауіпсіз қоғам" тұжырымдамасын іске асыру аясында кеңес өтті
Талдықорған қаласындағы оқушылар сарайында "Қауіпсіз қоғам" тұжырымдамасын іске асыру аясында қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған кеңейтілген кеңес отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара жұмыс форматында өтіп, оған әкімдік, прокуратура өкілдері және полиция қызметкерлері қатысты. Отырыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.
Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы Ернар Ширбаев сөз сөйледі. Ол полиция қызметкерлері қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бағытында жүйелі түрде кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.
- Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты басымдығымыз. Талдықорған қаласының полициясы профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, мемлекеттік органдармен және тұрғындармен тығыз өзара іс-қимыл жасайды. Тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыруға болады, – деп атап өтті Ернар Ширбаев.
Отырысқа қатысушылар профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қорғалу деңгейін көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша алдағы шараларды талқылады.
Мұндай кездесулер мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіруге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кешенді шешімдер қабылдауға ықпал етеді.
