Елордада "Құқықтық дәріхана" профилактикалық акциясы өтті
Астанада көлік инфрақұрылымы нысандарында "Құқықтық дәріхана" профилактикалық акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордадағы "Нұрлы жол" теміржол вокзалы мен Астана халықаралық әуежайында "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында "Құқықтық дәріхана" тақырыбында ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шараны көліктегі полиция департаменті мен Бас көлік прокуратурасының қызметкерлері бірлесіп өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, құқық қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайту, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Іс-шара аясында көлік полицейлері мен көлік прокурорлары азаматтарды жеке қабылдап, өзекті құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді, қолданыстағы заңнама нормаларын және мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібін түсіндірді. Теміржол вокзалдарында, пойыздарда және әуежайларда қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ көліктегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар акция ұйымдастырушылары әуе және теміржол ұйымдарының басшыларымен де жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесу барысында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
– Көлік инфрақұрылымы нысандарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз.. Құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсінуін қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстарды жүргізу маңызды, – деді Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының бастығы Келден Сыздықов.
Оның айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шараларды өткізу жолаушылар мен көлік саласы қызметкерлері үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ елдің стратегиялық маңызы бар нысандарында құқықтық тәртіпті барынша нығайтуға ықпал етеді.
