Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция оқушыларға жол ережелерін үйретті

Алматыда полиция оқушыларға жол ережелерін үйретті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласындағы №102 жалпы білім беретін мектепте жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Іс-шараны Алматы қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері өткізді.

Сабақтың басты мақсаты – оқушылардың жолдағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін жетілдіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және жеке мобильді көлік құралдарын пайдаланушыларға арналған жол қозғалысы ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндады. Сонымен қатар жолда жиі кездесетін қауіпті жағдайлар талқыланып, жол жиегінде және жолды кесіп өту кезінде өзін дұрыс ұстау тәртібі көрсетілді.

Оқушылардың айрықша қызығушылығын жол қозғалысының жас инспекторлары тобының көрсетілімі тудырды. Олар шағын қойылымдар мен интерактивті тапсырмалар арқылы жолда өзін дұрыс әрі қауіпсіз ұстаудың үлгілерін ұсынды.

- Жолдағы қауіпсіздік балалық шақтан басталады. Дәл осы мектеп жасында қалыптасқан әдеттер мен мінез-құлық үлгілері болашақта адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға тікелей ықпал етеді. Біз құрғақ түсіндіруден гөрі балалармен тікелей диалогқа, интерактивті тәсілдер мен нақты мысалдарға басымдық береміз. Мұндай сабақтар жол қозғалысы ережелерін жаттап қана қоймай, олардың маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді, – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.

Ал балалар арасындағы жол-көлік жарақатының алдын алу ата-аналар, педагогтер және ішкі істер органдарының өзара бірлескен әрі жүйелі жұмысты талап етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру